Online ISSN: 3007-0244,
Print ISSN:  2410-4280
БАЛАЛАРДАҒЫ COVID-19-ДЫҢ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ НЕВРОЛОГИЯЛЫҚ КӨРІНІСТЕРІ: ӘДЕБИЕТТІК ШОЛУ
Кіріспе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша COVID-19 жұқтырған ересек пациенттердің 10-20% инфекцияның жедел кезеңінен басталып немесе одан біраз уақыттан кейін пайда болып ұзақ мерзім бойы жалғасатын белгілерді сезінеді. Әртүрлі авторлардың айтуынша COVID-19 жұқтырған науқастардың 1% -дан 70% -ға дейіні неврологиялық белгілерді сезінеді. Мақсаты: балалардағы COVID-19 ұзақ мерзімді неврологиялық симптомдары мәселесі бойынша әдебиет деректерін талдау. Іздеу стратегиясы: «SARS-CoV-2» немесе «COVID-19» және «long COVID» немесе «post COVID» және «children» немесе «pediatric» және «nervous system» немесе «neurological» кілт сөздерін пайдалана отырып, балалардағы COVID-19-дың ұзақ ағымын зерттейтін зерттеулерді анықтау үшін MEDLINE/PUBMED-те әдебиеттік іздеу жүргізілді. Іздестіру нәтижесінде 2997 дереккөз табылды. Оның ішінде 31 зерттеу іріктеу талаптарына сай болды. Нәтижелер мен пікірталас. COVID-19-дың жедел кезеңінен кейін балаларда тіркелген ең жиі кездесетін неврологиялық симптом 0,5% - 80% жағдайда кездесетін бас ауруы болды. Олар негізінен ересек жастағы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Екінші маңызды симптом жиілігі 0,3%-дан 84%-ға дейін болатын дәм мен иістің бұзылуы болды. Жадтың бұзылуы және зейінді тұрақтандыру қиындықтары сияқты когнитивті функцияның бұзылуы 48% жағдайда орын алды. Балалардың 33,3%-ында ұйқының бұзылуы болды. Сонымен қатар, миалгия, бас айналу, құрысулар, тремор және тиктер тіркелді. Аздаған зерттеулер сананың шатасуы, бағдардың бұзылуы немесе ұйқышылдық, кекештену, парестезия, құлақтағы шуыл, атаксия және ұсақ моториканың бұзылуы сияқты белгілер туралы хабарлады. Ересектерде жиі сипатталатын симптом болып табылатын «ми тұманы» тек екі педиатриялық зерттеуде хабарланды. Сонымен қатар, бір зерттеу ауыр неврологиялық симптом болып табылатын дамудың регрессиясы жайлы хабарлады. Қорытынды. COVID-19-ды басынана өткерген балалардың арасында ұзақ мерзімді неврологиялық симптомдар сирек емес. Балалардағы ең жиі кездесетін ұзақ мерзімді неврологиялық көріністер бас ауруы, дәм мен иістің бұзылуы, когнитивті дисфункция және ұйқының бұзылуы болды. Педиатриялық науқастарда ұзақ мерзімді неврологиялық белгілерді зерттейтін зерттеулердің жеткілікті болмауы бұл мәселені одан әрі зерттеу қажеттілігін тудырады. Түйінді сөздер: COVID-19-дан кейінгі жағдай, SARS-CoV-2, пост-COVID-19, неврологиялық белгілер, жүйке жүйесі, балалар.
Көрген адамдардың саны: 13

Түйенді сөздер:

Мақалалар санаты:

Библиографиялық сілтемелер

Турманбетова А.К., Лепесова М.М., Кайшибаева Г.С. Балалардағы COVID-19-дың ұзақ мерзімді неврологиялық көріністері: әдебиеттік шолу // Ғылым және Денсаулық сақтау. 2024. Т.26 (4). Б.162-176. doi 10.34689/SH.2024.26.4.020

Авторизируйтесь для отправки комментариев