Online ISSN: 3007-0244,
Print ISSN:  2410-4280
ӨМІР САЛТЫНЫҢ НЕГІЗГІ ФАКТОРЛАРЫ МЕН ЗАТ АЛМАСУ СИНДРОМЫНЫҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫ
Өзектілігі. Қазіргі таңда медицинада метаболизмдік синдром өзекті мәселе болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары метаболизмдік синдромды «ХХІ ғасырдың пандемиясы» деп сипаттады. Метаболизмдік синдром - ересек популяциялар арасында таралуы жоғары және бүкіл әлем бойынша қоғамдық денсаулық сақтау жүйелері үшін жоғары шығындары бар кардиометаболикалық қауіп факторларының бірі. ДДҰ деректері бойынша ересек популяцияда МС жиілігі 20-40% құрайды, ал келесі 20 жылда ол 50% артуы мүмкін. Аталған синдроммен тығыз байланысты асқынулары жүрек-қан тамырлары аурулары және 2 типті қант диабеті болып табылады. Mетаболизмдік синдромның жоғары жиілікте таралуына байланысты оны ерте анықтау асқынуларды уақтылы алдын алу үшін үлкен маңызға ие. Зерттеудің мақсаты: негізгі өмір салты факторлары және әлеуметтік-демографиялық факторлары мен метаболикалық синдромның даму қаупі арасындағы байланысты зерттеу. Зерттеудің материалдары мен әдістері. Бұл зерттеу Түркістан қаласындағы метаболикалық синдромды зерттеу жөніндегі «10 жылдық проспективті зерттеуде метаболикалық синдромы бар науқастардың тамақтану ерекшеліктерін, өмір салтын және комплаенттіліктің генетикалық аспектілерін зерттеу» (AP19676909) атты жобаның бір бөлігі болып табылады. Іріктемеге Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің емханасына тіркелген халықтан 552 адам қатысты. Зерттеуге шұғыл көмекті қажет ететін жедел жағдайлары, созылмалы ауыр декомпенсацияланған жағдайлары бар адамдар катыспады. Нәтижесі: Пациенттердің қорытынды іріктемесі 549 адамды құрады, себебі әлеуметтік-демографиялық факторлардың немесе липидтер мен көмірсулар алмасуының параметрлерінің бірі бойынша деректері жоқ қатысушылар статистикалық талдаудан алынып тасталды. Метаболикалық синдром және өмір салты көрсеткіштері арасындағы байланыс, соның ішінде жұмыс күні бойы отыру уақыты, физикалық белсенділік, көп өлшемді логистикалық регрессиялық талдау арқылы бағаланды. Метаболикалық синдром мен отыру уақыты арасындағы оң байланыс анықталды, ол жыныс, темекі шегу және алкогольді тұтыну сияқты потенциалды конфаундинг факторларға түзету жасағаннан кейін статистикалық маңыздылығын сақтап қалды. Керісінше, түзетілген логистикалық регрессиялық талдау нәтижесінде метаболикалық синдром және физикалық белсенділік деңгейі арасында статистикалық маңызды кері байланысы анықталды. Қорытынды: Зерттеу нәтижесінде біздің іріктеме қатысушыларында метаболикалық синдром дамуында реттелетін қауіп факторлары (отырықшы өмір салты, физикалық белсенділік деңгейі) статистикалық маңызды рөлін көрсетті. Метаболикалық синдромы бар пациенттерде реттелетін өмір салты факторларын түзету арқылы жекелендірілген тактиканы ұстану асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Түйінді сөздер: метаболикалық синдром, физикалық белсенділік, өмір салты, отырықшы өмір салты.
Көрген адамдардың саны: 69

Түйенді сөздер:

Мақалалар санаты:

Библиографиялық сілтемелер

Турманбаева А.А., Садыкова К.Ж., Нускабаева Г.О., Нурдинов Н.С., Сарсенбаева Г.Ж., Кемельбеков К.С., Сейдахметова А.А. Өмір салтының негізгі факторлары мен зат алмасу синдромының өзара байланысы // Ғылым және Денсаулық сақтау. 2024. Т.26 (5). Б. 47-54. doi 10.34689/SH.2024.26.5.006

Авторизируйтесь для отправки комментариев