ІШКІ МЕН СЫРТҚЫ СӘУЛЕЛЕУ ӘСЕРІНЕ ҰШЫРАҒАН ЕГЕУҚҰЙРЫҚТАРДЫҢ ӨКПЕ ТІНІНДЕГІ Р53 НӘРУЫЗЫН САЛЫСТЫРУ
Кіріспе. Нейтронды-белсенді радионуклид – Марганец-56 (56Mn) және сыртқы иондаушы сәулелеу (60Со) әсеріне ұшырағандардың тыныс алу жүйесінде анықталған дистрофиялық, қабынулық пен некроздық құбылыстармен қатар неоплазиялық үдерістерге де ерекше мән бөлініп жүргені ғылыми әдебиеттерден мәлім.
Зерттеу мақсаты. Ішкі мен сыртқы иондаушы сәулелеу әсеріне ұшыраған егеуқұйрықтардың өкпе тініндегі р53 нәруызының сандық мөлшерін анықтап, өзара салыстыру.
Материалдар мен әдістер. Эксперимент жүзінде «Вистар» тұқымдас 270–350 гр салмағы бар аталық жынысты 90 егеуқұйрық пайдаланылған. 3 топқа іріктеу жүргізілді: 1) 56Mn, яғни 100 мг MnО2 ұнтағын «Байкал–1» атом реакторы арқылы 4×1014 н/см² нейтрон флюенсінде нейтрондық белсендіру жүзінде алынған элемент; 2) 60Со γ–сәулелер; 3) бақылау тобы. Жануарларға сәулелеуден кейін 3-ші, 14-ші және 60-шы тәуліктерде некропсия жүргізу барысында өкпесін алып, 10%-дық формалинде фиксацияланған. Парафиндік кесілімдер стандартты әдіс арқылы депарафинизацияланып, регидратацияланған. Иммунды гистохимиялық серпілістерді визуализациялау мақсатында DАB+(DАKО) жүйесі қолданылған. Жасушалардың бағдарламаланған өлімін анықтауға арналған р53-позитивті жасушалар саны анықталып, алынған нәтижелер пайыз мөлшері түрінде ұсынылған. Зерттеу нәтижелерінің статистикалық өңдеуі «SРSS 2,0» қолданбалы бағдарламаның лицензияланған пакеттері көмегімен жүзеге асырылған. Бүкіл зерттелген сандық көрсеткіштердің статистикалық өңдеуі кезінде олар орташа көрсеткіш (М) және медиана (Ме), сондай-ақ квартиль аралық интервал (ІQR) жүзінде сипатталған. Зерттеуге алынған факторлардың әсерін салыстырмалы түрде бағалау барысында Краскел-Уоллистің Н-өлшемі қолданылған. Нөлдік статистикалық гипотеза нақтылығының р критикалық деңгейі 0,05-ке тең деп саналған.
Нәтижелер. Нейтронды-белсендірілген марганец диоксидіне ұшыраған зертханалық жануарлар өкпе тінінің альвеола аралық перделерінде анықталған р53-позитивті жасушалар санының 14-ші тәуліктен бастап жоғарылағаны, ал сыртқы сәулелеу әсерін алған егеуқұйрықтарда бұл көрсеткіштің 60-шы тәулікте ғана анағұрлым жоғарылағаны тіркелген. Зерттеуге алынған факторлар мен бақылау тобы арасында 14-ші тәулікте р53 нәруызы бойынша статистикалық айырмашылықтың анықталмағанын, ал енді 60-шы тәулікте экспозициядан кейін тәжірибелік пен бақылау топтары арасындағы айырмашылықтың анағұрлым болғанын айтып өткен жөн (р<0,001). Апоптоз үдерісі ДНҚ тізбегі бүлінуінің белгісі ретінде 60–шы тәулікте аңғарылған жасушалар зақымдануымен байланысты болған. Ішкі мен сыртқы сәулелеу әсеріне ұшыраған егеуқұйрықтар өкпе тінінің иммунды гистохимиялық талдауы, негізінен р53 нәруызының сандық көрсеткіші 56Mn ықпалынан кейін анағұрлым жоғарылайтынын аңғарған.
Қорытынды. Сонымен, егеуқұйрықтардың өкпесіне 56Mn әсері жасушалардың бағдарламаланған өлімін сипаттайтын р53 көрсеткішінің жоғары пайыздық мөлшерімен расталатын сәулелену қаупінің жоғары деңгейін көрсетті. Зерттеу нәтижелеріне сай иондаушы сәулелеу әсерінен туындайтын онкоморфологиялық өзгерістердің сипаты сәулеленудің түріне байланысты дамиды.
Библиографиялық сілтемелер
Узбеков Д.Е., Казуко Шичиджо, Шабдарбаева Д.М., Саякенов Н.Б., Чайжунусова Н.Ж., Жакипова А.А., Узбекова С.Е., Сапоров Р.M., Русланова Б., Апбасова M.M. Сравнительная оценка Р53 белка в легочной ткани крыс, подвергавшихся внутреннему и внешнему излучению // Наука и Здравоохранение. 2018. 6 (Т.20). С. 70-80.
Uzbеkоv D.Е., Kаzukо Shісhіjо, Shаbdаrbаеvа D.M., Sаyаkеnоv N.B., Сhаіzhunusоvа N.Zh., Zhаkіроvа А.А., Uzbеkоvа S.Е., Sароrоv R.M., Ruslаnоvа B., Арbаsоvа M.M. Соmраrіsоn оf Р53 рrоtеіn іn thе рulmоnаry tіssuе оf rаts ехроsеd tо іntеrnаl аnd ехtеrnаl rаdіаtіоn. Nauka i Zdravookhranenie [Science & Healthcare]. 2018, (Vol.20) 6, pp. 70-80.
Узбеков Д.Е., Казуко Шичиджо, Шабдарбаева Д.М., Саякенов Н.Б., Чайжунусова Н.Ж., Жакипова А.А., Узбекова С.Е., Сапоров Р.M., Русланова Б., Апбасова M.M. Ішкі мен сыртқы сәулелеу әсеріне ұшыраған егеуқұйрықтардың өкпе тініндегі Р53 нәруызын салыстыру // Ғылым және Денсаулық сақтау. 2018. 6 (Т.20). Б. 70-80.