Online ISSN: 3007-0244,
Print ISSN:  2410-4280
ҚУЫҚАСТЫ БЕЗІНІҢ ҚАТЕРСІЗ ГИПЕРПЛАЗИЯСЫНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ - ӘЛЕУМЕТТІК АСПЕКТІЛЕРІ. ӘДЕБИЕТТЕРГЕ ШОЛУ
Кіріспе. Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы (ҚБҚГ) 50 жастан асқан ер адамдарда кездесетін барлық аурулардың 40,0%-дан астамын құрайды, бұл жәйт аталған ауру түрін бірінші кезектегі медициналық және әлеуметтік проблемалардың қатарына шығарады. Оған қоса, ДДҰ демографиялық зерттеулері бойынша ғаламшар тұрғындары қартаю үстінде, сәйкесінше, осы ауру түрімен ауыратындар санының өсуі болжанып отыр. ҚБҚГ ер адамдардың өмір сапасын айтарлықтай төмендетеді, бұл зәр шығарудағы түрлі бұзылыстармен, ағзаның жалпы әлсізденуімен, психоэмоционалдық жағдайының өзгеруімен және қозу әрекетінің бұзылуымен байланысты [4,17,21,68]. Статистикалық деректердегі біршама айырмашылықтарға қарамастан, біз бұл аурудың қалай етек жайып алғанын және ерлердің өмір сапасына қалай әсер ететінін, ҚБҚГ салдарынан болған төменгі несеп жолдары симптомдары мен сексуалдық бұзылыстардың науқастың психоэмоционалдық жағдайына қалай әсер ететінін көріп отырмыз. Өмір сапасын жақсарту әдістері ұсынылуда, бұл саладағы қазіргі заманғы жетістіктер туралы ауқымды ақпарат берілуде. ҚБҚГ-ні дер кезінде анықтау үшін және оның алдын алудың, одан сауықтырудың тиімді шараларын ойлап табу үшін аталған аурудың даму қаупін тудыратын факторларды, олардың өзара байланысын тереңірек зерттеу қажет екені анық. Мақсаты: Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясының дамуындағы медициналық - әлеуметтік аспектілерге және олардың пациенттердің өмір сапасына тигізетін әсеріне қатысты ғылыми әдебиеттерді жүйелі түрде іздеу. Іздеу стратегиясы: Ғылыми жарияланымдарды іздеу дәлелді медицинаның дерекқорларында (Elsevier, Web of Science, PubMed, CochraneLibrary), электрондық ғылыми кітапханаларда (CyberLeninka, ТМД елдерінің мерзімді медициналық басылымдарының сайттары) және диссертациялардың электрондық кітапханаларында (dissercat.com, medical-diss.com және басқа) жүргізілді. Барлығы 13530 әдебиет көзі табылды. Автоматты іздеуден және қайталанатын жарияланымдарды шығарып тастағаннан кейін, жарияланымдарды «қолмен» іздеуді жүзеге асырдық, бұл бізге осы шолуға енгізілген 70 әдебиет көзін анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижелері: Қазіргі кезде әдебиеттерде, әсіресе, шетелдік әдебиеттерде ҚБҚГ проблемаларына, оның дамуындағы қауіп факторларына, аталған факторлардың ер азаматтардың өмір сапасына тигізетін әсеріне барынша көп көңіл аударылуда. Және бұл таңқаларлық жағдай емес, өйткені көптеген эпидемиологиялық зерттеулер бойынша ҚБҚГ ер адамдардың ең көп таралған ауруларының бірі болып табылады және әртүрлі авторлардың деректері бойынша, дәрігерге көрінетін ер адамдардың шағымының орта есеппен 29-30%-ын құрайды. Бірақ бұл сандар салыстырмалы екенін айта кету керек. Бірқатар зерттеушілер, оның ішінде шетелдік зерттеушілер баса көрсеткеніндей, ер адамдар әртүрлі себептермен дәрігерге уақытылы қаралмайды, соның салдарынан бұл ауру дер кезінде анықталып отырған жоқ. ҚБҚГ ауруының өсіп отырғанының тағы бір себебі алдын алу шараларының пәрменсіз жүргізілуі, бұл патологияның пайда болуының қауіп факторларын және олардың аурудың асқынуына әсерін жете бағаламау, сол сияқты жалпы болжаудың да дұрыс жүргізілмеуі. Сондықтан қуықалды безінің гиперплазиясының алдын алудың және аталған ауруға шалдыққан пациенттерді сауықтырудың тиімді шараларын жасап шығару қажет. Қорытындылар: Осылайша, жұмыс жасалған әдебиет көздері бойынша ҚБҚГ проблемаларына қаншалықты көп ғылыми жұмыстардың арналғанын, аталған аурудың қарқынды өсуімен байланысты бұл проблеманың қазір қаншалықты өзекті болып отырғанын көрдік. ҚБҚГ-нің несеп жолдары жұмысының бұзылуы және қозу әрекетінің төмендеуі түріндегі көріністері ер адамдардың өмір сапасын айтарлықтай төмендетеді, әртүрлі невротикалық бұзылыстарға апарып соқтырады. Шетелдік авторлардың төменгі несеп жолдары симптомдары мен қозу әрекетінің бұзылуының өзара байланыстары және олардың жүрек-қантамыр жүйесіне, әсіресе жүрек-қантамыр ауруларының ерте анықталуына әсері туралы деректері өте қызықты әрі дәлелді. Бұл берілген кеңестерді аталған екі жағдайды да дер кезінде, алғашқы дәрігерлік деңгейде анықтау үшін қолдануға мүмкіндік береді. Пайдаланылған әдебиет көздеріндегі құнды дәлелдерді ескере отырып, ҚБҚГ ауруын дер кезінде анықтау, алдын алу және сол ауруға шалдыққан пациенттерді кешенді сауықтыру шараларын әзірлеу қажет.
Көрген адамдардың саны: 764

Түйенді сөздер:

Мақалалар санаты: Әдебиеттерге шолу

Библиографиялық сілтемелер

Кусаинов А.М., Булегенов Т.А. Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясының медициналық - әлеуметтік аспектілері. Әдебиеттерге шолу // Ғылым және Денсаулық сақтау. 2019. 3 (Т.21). Б. 30-44.

Авторизируйтесь для отправки комментариев