ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ХАЛҚЫНЫҢ ЖӘНЕ НЕГІЗГІ ТОПТАРДЫҢ ТУБЕРКУЛЕЗ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ХАБАРДАР БОЛУ ДЕҢГЕЙІ
Кіріспе: Туберкулез бүкіл әлемде, сондай-ақ Қазақстанда да денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі болып қалуда. Туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың оң динамикасына қарамастан, Қазақстанда туберкулездің дәріге төзімді түрлері жағдайларының өсу проблемалары, асқынған жағдайларды тіркеу, емдеуден қол үзу жағдайлары шешілмеген күйінде қалып отыр. Халықтың негізгі топтарында медициналық көмек көрсетудің белгілі бір қиындықтары тіркеледі. Жалпы халықтың және оның жекелеген топтарының туберкулез туралы хабардар болу деңгейін зерттеу ел тұрғындарының туберкулезге қатынасы мен мінез-құлқын өзгерту, стигма мен кемсітушілікті азайту мақсатында халықты туберкулез туралы хабардар ету мәселелерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Мақсаты – Қазақстан Республикасы халқының туберкулез мәселелеріндегі хабардарлық деңгейін, қарым-қатынасын, мінез-құлқын зерделеу.
Материалдар мен әдістер: Бұл зерттеу сауалнамаларды толтыру және терең сұхбаттасу әдісі арқылы бір мезеттік әлеуметтік зерттеу болып табылады. Зерттеу құралы ретінде ДДҰ-ның «A Guide to developing knowledge, attitude and practice surveys» (2008ж.) нұсқаулығында ұсынылған сауалнамасы мысал негізінде алынды. Сауалнама респонденттердің әрбір тобы үшін жеке әзірленді және қазақ және орыс тілдерінде ұсынылды. Жалпы респонденттердің саны - 3700 адам; АИТВ-мен өмір сүретін адамдар (АИТВӨА); есірткі қолданатын адамдар (ЕҚА); ішкі мигранттар (ІМ); медицина қызметкерлері (МҚ). Статистикалық талдау үшін Stata: Release 15 пакеті қолданылды. Категориялдық айнымалылар үлес (%) және сандық үздіксіз айнымалылар – орташа мәндер ретінде есептелді.
Нәтижелері: Туберкулез ауруы проблемасының ауырлығын түсінетіндігін куәландыратын бағалау бойынша – ішкі мигранттар (64%) мен жалпы халық (69%) арасындағы көрсеткіштерге қарағанда АИТВӨА (77%) және ЕҚА (86%) үлесі едәуір жоғары. АИТВӨА (71%) және ЕҚА (75%) қоғамдастықтарының өкілдері жалпы халыққа (57%) және ішкі мигранттарға (58%) Қарағанда Қазақстандағы туберкулез проблемасын «өте ауыр» деп бағалайды. Туберкулездің негізгі белгілері мен симптомдары туралы ақпарат АИТВӨА мен ЕҚА арасында жоғары, олар жалпы халық пен ішкі мигранттарға қарағанда аурудың негізгі белгілерін жиі атады. Жалпы халықтың (79%) және ішкі мигранттар (78%) арасындағы респонденттерге қарағанда АИТВӨА мен ЕҚА аурудың ауалы-тамшылы жолын жиі атады (94%). Аурудың жалпы ыдыс-аяқ арқылы және бір тағамды бірге жеу арқылы таралуын ішкі мигранттармен салыстырғанда АИТВӨА, ЕҚА және жалпы халық жиі атап өтті. Кез-келген адамның туберкулезбен ауыруы мүмкін екендігі туралы жалпы халыққа (86%) және ішкі мигранттарға (73%) қарағанда, АИТВӨА (93%) және ЕҚА (89%) хабардар екендігі байқалды.
Қорытынды: халықтың ТБ туралы хабардарлығын зерттеу нәтижелері жалпы халықтың туберкулез туралы белгілі бір білімі бар екенін көрсетті және ТБ туралы негізгі ақпараттың көздері теледидар, медицина қызметкерлері, отбасы мүшелері мен достары екендігін атап өтті. Бұл халықты ТБ туралы ақпараттандыруды күшейту үшін ақпараттандырудың осы аталған әдістеріне баса назар аудару қажеттілігін айқындайды. Зерттеу нәтижелері мақсатты зерттеу топтарының басым көпшілігі (82%-95%) туберкулезге күдік туындаған жағдайда ғана медициналық ұйымдарға жүгінетінін көрсетті. Сондай-ақ әрбір оныншы АИТВӨА (12,5%) өздерінің тұрғылықты жері бойынша ЖИТС орталықтарына жүгінеді. Респондеттердің 82% медициналық ұйымдарға жүгінгенін атап өтсе де, медициналық ұйымдарға жүгінудің салыстырмалы түрде төмен деңгейі ішкі мигранттар арасында байқалады, олардың 10% өзін-өзі емдеумен айналысады, 6% емшілерге жүгінеді, тағы 6% дәрі-дәрмектер үшін тікелей дәріханаға жүгінеді, яғни іс жүзінде олар өздігінен емделушілер болып саналады.
Көрген адамдардың саны: 327
Мақалалар санаты:
Біртума зерттеулер
Библиографиялық сілтемелер
Арингазина А.М., Айтамбаева Н.Н., Назарова Л.З., Алимбекова Г.Т., Исмаилов Ш.Ш., Аденов М.М., Джазыбекова П.М., Мусабекова Г.А., Аликеева Э.А. Қазақстан Республикасы халқының және негізгі топтардың туберкулез мәселелері бойынша хабардар болу деңгейі // Ғылым және Денсаулық сақтау. 2021. 5 (Т.23). Б. 67-77. doi 10.34689/SH.2021.23.5.008Ұқсас жариялымдар:
ОРТА ЖАСТАҒЫ ЖӘНЕ ЕГДЕ ЖАСТАҒЫ АДАМДАРДАҒЫ ДЕНЕ САЛМАҒЫ ИНДЕКСІ МЕН СҮЙЕКТІҢ МИНЕРАЛДЫ ТЫҒЫЗДЫҒЫ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС
САРКОИДОЗ ЖӘНЕ ӨКПЕ ТУБЕРКУЛЕЗІ КЕЗІНДЕГІ ГРАНУЛЕМАТОЗДЫ ҚАБЫНУДЫ КЛИНИКА-МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ МОРФОМЕТРИЯЛЫҚ БАҒАЛАУ
БЕЛСЕНДІ ТУБЕРКУЛЕЗБЕН АУЫРАТЫН АИТВ ЖҰҚТЫРҒАН НАУҚАСТАРДА БАУЫРДЫҢ ДӘРІЛІК ЗАҚЫМДАНУЫ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ЗЕРТХАНАЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ СОЗЫЛМАЛЫ ЖҮРЕК ЖЕТКІЛІКСІЗДІГІ БОЙЫНША АУРУЛАРДЫ БАСҚАРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ НӘТИЖЕЛЕРІ
ИНСУЛИНГЕ ТӨЗІМДІЛІГІ БАР НАУҚАСТАРДА ИНСУЛЬТ КЕЗІНДЕ ІШЕК МИКРОБИОМАСЫНЫҢ СИПАТТАМАСЫ